Tuesday, January 19, 2016

Жолдың ашылуына себеп болатын істер



Жолдың ашылуына себеп болатын істер
1. Тақуалыққа ұмтылу
Ең негізгі жол – тақуалыққа ұмтылу. Тақуалық дегеніміз – Алла Тағаладан шынайы қорқу, тыйым салынғандардан бас тарту. Әрбір әрекетін «Ақыреттегі халім не болады? Бұл іс үшін сый бар ма әлде жаза бар ма?» деп ойлана отырып жасау. Адамның тақуалығы күшейген сайын Алла жеңілдіктерді бере түседі. Бұл – жоқ жерден жол ашылу, ризыққа кенелу. Алла Тағала «Талақ» сүресінің 2-3 аяттарында: «Кім Алладан қорықса, (Алла) оған бір шығар жол пайда қылады. Және оны ойламаған жерден рызықтандырады» деген. Ал басқа аятта: «Әй мүминдер! Егер Алладан қорықсаңдар, Ол сендерге жақсы, жаманды айыратын қабілет береді, әрі жамандықтарыңды жойып жарылқайды. Алла зор кеңшілік иесі» делінген («Әнфал» сүресі, 29 аят). Тақуалықты тастау – пақырлыққа бастайтын жол.
2. Ісінде әрдайым Аллаға тәуекел ету
Жоғарыда айтқанымыздай, кез келген істе қолынан келген еңбегін жасап болғаннан кейін, Алла Тағалаға дұрыс тәуекел ету қажет. Басыңа қиындық түскенде ең бірінші ойыңа келетін əрі ең бірінші арқа сүйерің жалғыз Алла болсын. Кім Аллаға сүйенсе, Ол оған жетіп артылады. Кім басқаға тəуекел етсе, Алла оны соған тапсырып қойып, шерменде қылады.
«Аспандар мен жердің құпиясы Аллада. Əрі істеріңнің барлығы оған қайтарылады. Оған құлшылық ет жəне Оған жүгініп, өзіңді тапсыр. Сендердің Раббыларың не істеп жатқандарыңнан бейғам емес» (Һуд сүресі, 123-ші аят).
3. Ата-анаға құрмет көрсету.
Жүрегіңде қаттылық сезініп, мінез-құлқыңның жаман жаққа өзгере бастағанын байқасаң, сондай-ақ, бақытсыздыққа ұрынып, жолың ашылмай жүрсе – ата-анаңмен қарым-қатынасыңды қайта тексер. Өйткені əлемдердің Раббысы Құранда Иса Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) тілінде: «Маған (Алла) анама көркем қарым-қатынас жасауды (бұйырды). Және де мені тəкаппар, бақытсыз қылмады», - деген. («Мəриям» сүресі, 32-ші аят). «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында» (Байхақи), Ал Алла разы болған адам екі дүниеде де бақытты.
4. Алла Тағаланың дініне жәрдемдесу
«Кім Алланың дініне көмектессе, Алла оған көмектеседі». Бұл туралы аятта: «Алла Өзіне көмек көрсеткенге, әлбетте көмектеседі. Ақиқатында, Алла – өте Күшті, аса Үстем» («Хаж» сүресі, 40-аят). Бағауи «Өзіне» дегенді «дініне» деп тәпсірлеген. Алланың дініне көмектесу – өзгелерге хақты жеткізу, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю т.б.
Сондай-ақ, хадисте: «Кім бұл дүниеде мұсылманның қайғысын сейілтсе, Алла Тағала Қияметте оның қайғысын сейілтеді. Кім қиындыққа тап болғанның жағдайын жеңілдетсе, Алла оның ісін осы дүниеде және арғы дүниеде жеңілдетеді. Кім мұсылманның кемшілігін жасырса, Алла оның кемшіліктерін екі дүниеде де жасырады. Адам мұсылман бауырына көмектесіп бітпейінше, Алла Тағала оған көмектесетін болады» делінген. (Муслим).
5. Әлсіздерге көмектесу
Мусъаб бин Съад бин Әбу Уаққас (ол екеуіне Алла разы болсын): «Кезінде Саъд өзін басқалардан жақсы санайтын (яғни, басқа өзі сияқты батырлығымен көзге түспегендерге жоғарыдан қарайтын). Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге әлсіздеріңнің арқасында жеңіс пен ризықтарың сыйланады емес пе? (олардың дұғалары арқасында)» деді (Бұхари). Тағы бірде: «Маған әлсіздерді іздеңдер, өйткені сендерге көмек пен ризық, сол араларыңдағы әлсіздеріңнің арқасында беріледі» деген (Әбу Дәуд).
Әнәс (оған Алла разы болсын) баяндайды: Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір сүрген уақытында Мединеде екі ағайынды жігіт тұратын, солардың біреуі әрдайым Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп тұратын, ал екіншісі өзінің кәсібімен нан табатын. Бірде кәсібімен нан табушы Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, өзі ғана жұмыс істейтіндігі жайлы айтып шағымданады. Сонда ол: «Бәлкім, саған сенің ризығың сол сенің бауырың үшін келіп жатыр» деді (Тирмизи).
6.Тәубе жасау
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). «Кімде-кім Алладан әрдайым кешірім сұрайтын болса, Алла оған кез-келген қиын жағдайдан құтылу жолын көрсетеді, сондай-ақ оған кез-келген қайғыны жеңілдетеді және оған күтпеген жерінен ризық жібереді» деген (Әбу Дәуд).
«Бірде Хасан әл-Басриге (оған Алла рақым етсін) кедейлігіне шағым айтушы адам жүгінеді. Ғалым: «Алла Тағаладан кешірім сұра!» (күнәларыңа тәубе жасап, кешірім тіле) деді. Сонан кейін балалары жоқ, бедеулікке душар болған адам келеді. Ғалым оған да: «Алла Тағаладан кешірім сұра!» деген екен. Үшінші кісі бақшасының қурап қалғанын айтады. Тағы да: «Алладан кешірім сұра!» деді.
Мұның бәрін де бақылап тұрған басқа кісі: «Сен алдыңа кім келсе де, Алладан кешірім сұраудан басқа кеңес айтпадың ғой. Мұның сыры неде?» дейді. Сонда Хасан әл-Басри: «Мен Құранға бір ауыз артық сөз қоспадым» дейді де, мына аятты оқиды: «Өздеріңнің Раббыңнан кешірім тілеңдер, өйткені Ол – көп Кешіруші (Ғаффар). Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жібереді. Сендерді мал-мүліктермен және перзенттермен қолдайды. Сендерге бау-бақшалар өсіріп және сендер үшін өзендер пайда қылады». («Нұх» сүресі, 10-12-аяттар).
Бұхариден жеткен хадисте Алла Тағаланың: «Менің мейірімім Менің ашуымнан басым түседі» деп айтқандығы келтіріледі. Сол себепті ғалымдар кімде-кімнің ісіне қиындық туса, тәубе жасап, Алла Тағаладан жиі кешірім сұрасын деп айтқан екен.
7. Садақа, зекет беру.
Жолы жабылып, қиындықтарға ұрынып, уайым-қайғы тұңғиығына батқан адам бүкіл ісіне жеңілдік əкелетін амал-садақа екенін біле ме екен?!
Алла Тағала Құранда: «Ал кім (садақа) беріп, тақуалық жасаса. Əрі ең жақсыны (дінді) шын деп, растаса. Жақында Біз оған ең жеңілін оңайластырамыз» дейді («Лəйл» сүресі, 5-7-ші аяттар). Құрандағы тағы бір аятта: «Ақиқатында, Раббым құлдарының арасынан қалағанының ризығын кеңітіп және қалағанының (ризығын) шектеп қояды. Сендер не жұмсасаңдар да Ол оның (жұмсағандарыңның) орнын қайта толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы» («Сәба» сүресі, 39-аят). Сөзіміз одан әрмен дәлелді бола түсу үшін мына бір хадистерді де келтіре кетейік: «Уаллаһи, садақа берумен мал азаймайды. Олай болса садақа беріңдер!» (Ахмад) немесе «Садақа дүние-мүлікті кеңейтеді, олай болса, садақа беріңдер!» (Ибн Әбиддүнйиа), «Садақа беріп ризықтарыңды көбейтіңдер» (Бәйхақи).
Сөзсіз, садақа ризықты азайтпайды. Ертеректе бір ғұлама: «Менің тағдырыма жазылған ризықты менен басқа ешкім жей алмайтынын түсінгенде, жүрегім тыныштық тапты» деген екен. Керісінше, мұндай адам періштелердің дұғасына ілігеді. «Алланың құлдарының оянатын әр-бір күні, көктен екі періште түсіп, олардың бірі: «Я, Алла (Сенің жолыңда қайырымдылық етіп, садақа) берушіге, несібеңді арттыр!», - десе, екіншісі: «Я, Алла, сараңды опат қыл!» дейді (Бұхари).
8. Ақыреттің қамын ойлау
Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімнің көңілі Ақыретті қаласа, Алла оның ісін біріктіріп, байлықты оның алдына салады. Соның нәтежесінде (ол кісіге) дүние келуге мәжбүр болады, ал кімнің көңілі дүниеге түссе, Алла оның ісін шашыратып, кедейлікті екі көзінің ортасына қояды және тек істегеніне қарай ғана дүние береді. Нығметі үздіксіз жалғасып жататын мәңгілікті таңдаған адам бақытты» деген (Тирмизи). Сахабалар да бір-біріне алтыннан да қымбат үш нәрсені өте жиі өсиет ететін болған: «Кімде-кім өзімен Алла арасындағы қарым-қатынасты түзесе, Алла оны мен адамдар арасындағы қарым-қатынасты түзейді. Кімде-кім өзінің ішкі дүниесін реттесе, Алла оның сыртқы дүниесін реттейді. Кімде-кім Ақыретінің қамын ойласа, Алла оның дүниесін және Ақыретін реттеп қояды».
9. Мейірімділік таныту, жақсылық жасау.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рахманның Өзі рақымдыларды мейіріміне бөлейді. Жер бетіндегілерге мейірімділік танытыңдар, сонда көктегі сендерге мейірімділік көрсетеді» (Тирмизи) деген. Жолымыздың жабылуына себеп болатын негізгі нәрселердің бірі – жасаған жамандығымыз десек. Жақсылық – сол жамандықтың тамырына балта шабушы. Ұлы Алла: «..Ақиқатында, жақсылықтар жамандықтарды кетіреді» («Һұд» сүресі, 114-аят) десе, Оның Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Қай жерде болсаңдар да Алладан қорқыңдар және әрбір күнәңді жуатын қайырлы істерің болсын, адамдарға мейірімді болыңдар» деген екен. (Жәми). Абдуллаһ ибн Аббас (Оған Алла разы болсын) былай деген: «Әрбір жақсылық іс адамның жүзіне жарқындық, жүрегіне нұр орнатады. Әрі оның ризығын кеңейтіп, денесінің қуатын арттырады...».
10. Дұғада болу.
Дұға – мұсылманның қаруы. Бұл «қарумен» қажетіңізді қолға түсіре аласыз. Сол себепті, дұға қабыл болатын уақыттарға назар аударып, әрдайым Алладан сұраумен болыңыз, таңғы-кешкі зікірлерге ыждағаттылық танытыңыз. Бірде Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір бәдәуи келіп: «Маған мен қайталап отыратын сөздер үйретші», - деп сұрады, сонда ол оған: «Былай де: «Алладан басқа Құдай жоқ, Оның серігі жоқ, Алла Ұлы, Бүкіл Әлемнің Раббы Аллаға көп мақтаулар, Алла пәк! Құдіретті, Дана Алланың күш-қутына жететін ешкім жоқ!» /Лә иләһә слла-Ллаһу уахдаһу лә шәрикә ләһу, Аллаһу Акбар кабиран, Уәл-хамда ли-Ллаһи кәсирән уә сухана-Ллаһи, Роббиль ъаламина! Уә лә хәулә уә лә қуата иллә би-Лләһил-ъАзизиль-Хкими!/, - деді. Бәдәуи: «Бұл – менің Раббым үшін, ал мен үшін ше?», - деді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Былай де: «Я, Алла, кешір мені, маған рақымшылық ет және мені дұрыс жолға алып шық, сондай-ақ маған өмір сүретін ризық бер!» /Аллаһумма, - ғфирли, уархамни, уахдини, уарзуқни!/, - де» деген(Муслим). Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір адам ислам дінін қабылдаса, әрқашан дұрыстап намаз оқуды үйрететін және мына дұғаны айтуды талап ететін болған. «Иә Алла, кешір мені, маған рахым ет, сондай-ақ мені тура жолға шығар, сондай-ақ маған ризық бер!» /Аллаһумма, ғфир ли, ва-рхам-ни, ва-хди-ни, ва 'афи-ни ва-рзуқ-ни!»

No comments:

Post a Comment